Жыл үздіктері кім? «Men Qazaqpyn» мегажобасы екінші маусымын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл үздіктері кім? «Men Qazaqpyn» мегажобасы екінші маусымын қорытындылады

16.12.2018
Жыл үздіктері кім? «Men Qazaqpyn» мегажобасы екінші маусымын қорытындылады

Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Men Qazaqpyn» мегажобасының ІІ маусымының үздіктері марапатталған қорытынды гала-концерті өтті. Шараға «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин қатысып, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. 

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Ең алдымен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Еліміз әрқашанда осылай өркендеп, өсе берсін. Осымен халықаралық «Men Qazaqpyn» мегажобасының екінші маусымын да қорытындылап жатырмыз. Бірнеше айға созылған жобаның басты мақсаты – ұлттық өнерімізді насихаттау. Ұлттық арна болашақта да Сіздерді ұлттық өнеріміздің ең асыл мұраларымен таныстыратын түрлі қызықты жобалармен бөлісуге дайын. Барлықтарыңызға рахмет. Мереке құтты болсын!

Жоба қорытындысына сай 2018 жылдың «Үздік термешісі» аталымы бойынша Қызылорда облысының намысын қорғаған Күнсұлу Түрікпен жеңімпаз атанды. Ал, «Үздік күйші» аталымына атыраулық Жәнібек Жәмиев ие болды. Сонымен қатар, жобаның бұл маусымында «Жылдың үздік әншісі» номинациясын екі бірдей үміткер иеленді. Олар: маңғыстаулық Алпысбек Оңайбайұлы мен талдықорғандық Рауан Әбілбаев.  

Айта кетейік, «Men Qazaqpyn» жобасына қатысуға 3000-нан астам өтініш білдірді. Өткен жылғыдан бір ерекшелігі, іріктеу байқаулары әуелі ауыл, аудандарда өтіп, одан жеңгендері облыстық бәсекеде бақтарын сынады. Осылайша, екі бірдей сыннан сүрінбей өткендер ғана телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Халықаралық деңгейде жобаға Ресей, Моңғолияда тұратын қандастарымыз қатысты. Астрахань аймағынан қос бірдей күйші келсе, Моңғол елінің Баян-Өлгей аймағынан 1 әнші, 2 күйші жолдама алды. Осылайша, еліміздің барлық өңірінде және Ресей, Моңғолия елдерінде өткен іріктеулерден 54 өнерпаз жеңімпаз атанып, Ұлттық арна эфирінде көрсетілген байқауда бақтарын сынады.

Назарларыңызға жобаның гала-концертінің толық нұсқасын ұсынамыз. 

Хабарламаларға жазылу