Жуырда ғана жаңа маусымын бастаған «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы бүгін көрермен назарына «SHANYRAQ» тележобасын ұсынады. Отбасының берекесі, бірлігі, татулығы – тек отанасының не тек отағасының ғана қолындағы дүние емес. Яғни, үлгілі, мерейлі, тату-тәтті отбасын құрып, қалыптастыру үшін оған отбасы деген шағын мемлекеттің әр мүшесі үлес қосуы тиіс.
Бұл ретте «SHANYRAQ» отбасылық ток-шоуын бұрын-соңды қазақ телевизиясында болмаған, күн сайын тікелей эфирде көрерменге жол тартатын ток-шоу деп батыл айтуға болады. Яғни, қалыптасып қалған стереотиптерді жойып, нақты нәтиже үшін күн сайын шығармашыл топ тер төкпек.
Әр күнгі эфир белгілі бір отбасыға арналып, оның мәселесін тікелей эфирде шешу тәсілдерін ұсынады. Әрі қарай сол отбасы шығармашылық топтың назарында болады. Яғни, жобаның басты мақсаты - тек жоғары рейтингтерге қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар тату әрі үлгілі отбасы санын арттыру.
Жобаның басты ерекшелігі – тікелей эфирдегі бағдарламаға әйелдің де, ер адамның да, сол отбасының кейуанасы мен атасы, балаларының да түгел қамтылуы.
Тікелей эфирге шығатын «SHANYRAQ» отбасылық ток-шоуын дүйсенбі-жма аралығында сағат 15:15-те тамашалай аласыздар.