Бүгін «Қыздар» телехикаясы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Қыздар» телехикаясы эфирге шығады

23.04.2015
Бүгін «Қыздар» телехикаясы эфирге шығады

Бүгін  Ұлттық арна эфирінен «Қыздар» телехикаясы көрерменге жол тартады. 32 сериялы телетуынды «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша «Көркем фильм» киностудиясымен түсірілген.

«Қыздар» телехикаясы – қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жатқан студенттердің қызыққа толы  өмірі туралы баяндайтын туынды. Жалынды жастарды бірлікке шақыратын журнал шығару барысында жолдары тоғысқан олар түрлі қызықты оқиғаларға тап болып, достық, махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық сынды қасиеттерді бастан кешіреді.

Телехикая сюжеті бір-біріне мүлдем ұқсамайтын төрт бойжеткен оқитын қазақстандық беделді жоғары оқу орындарының  бірінде өрбиді. Олардың екеуі - Айлан мен Мерей ауқатты отбасынан шыққан қыздар.

Ал, Айзере мен Қанекей - өмір бойы өздеріне ғана сеніп үйренген жандар. Төртеуі ешқашанда дос болмас еді, бірақ оларды біріктірген бір-ақ нәрсе бар – журнал шығару ісі. Жай ғана журнал емес, ең үздік, заманауи, сәнді, әрі танымал журнал.

Редакция құру және журналда қызмет ету жалпылама оқиғалардың алаңына айналады. Туынды кейіпкерлері өзінің барлық жаңалықтарымен журнал беттерінде бөлісіп отырады. Студенттерді толғандырып жүрген мәселелердің маңызды тақырыбына айналған мақалалар хикаяның бір-бір бөліміне айналады.

Хабарламаларға жазылу