Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,
Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, барлық ісі кер кетіп,
Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп.
Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,
Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,
Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,
Қанды жаспен екі көзін шылатпай.
Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,
Қылыш алып «надандық» саған кезенді.
Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу,
Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді!
Бұл жалынды жырлармен талайдың жанын жылытып, үміт отын жаққан Мағжан Жұмабаевтың өлеңі. Қазақ поэзиясының ғұмырнамасында оның есімі алтын әріппен жазылған. Табиғатынан талант, талапшыл да, турашыл қайраткер азамат тар заманның тауқыметін өз өлеңдерімен өрнектеп, ұлтының еркіндікке деген ерекше ұмтылысын бейнелеген.
Мағжанның әкесі болыс басы, әрі би болған. Сол себепті оның балалық шағы ішер ас, киер киімнен тапшылық көрмей өтті деуге де болады. Ақын 4 жасынан бастап, шығыс тілдерін меңгеріп, әдебиетке ден қойған.
1905 жылы Қызылжардағы медреседе оқып, оны үздік аяқтағаннан кейін Уфадағы жоғары діни қорының шәкірті атанады. Жасынан жазуға әуес бала Мағжан өз қатарынан ойы озық, алғыр болып ер жетеді, төл туындыларын сыныптастарына, туыстарына өзі дауыстап оқып беретін болған. Оның алғашқы жыр-жинағы небәрі 19 жасында жарық көрген екен.
45 жыл өмір сүрген ақын қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ел болашағы жолында еңбек еткен. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Әйтсе де, заңғар тұлғаның елдікке, отаншылдыққа деген сүйіспеншілігінен туған туындыларын оқуға тыйым салады. Тіпті, солақай саясаттың шолақ белсенділері ақынның ізіне түсіп, қудалады, ұстады, түрмеге жапты. Кейіннен, яғни 1981 жылы Мағжанның шығармалары қайта жарияланып, оқырманмен қауыша бастады.
20 ғасырдағы қаақ әдебиеті мен мәдениетінің көшін бастаған біртуар тұлғаның құпияға толы сыр-сандығы әлі де зерттеп-зерделеуді қажет ететіні белгілі. Оның қайсар рухы мен жерге деген махаббаты әрдайым ұрпақ жадында қалатыны сөзсіз.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.