Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті

26.06.2023

Солтүстік Қазақстанда алты алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында өткен шараға Әзірбайжан, Түркия, Қырғыстан және Ресей мемлекеттерінен меймандар келді. Сахнада ақындар сөз сайысына түссе, боз кілемде балуандар белдесіп, аламан бәйгеде сәйгүліктер жарысты.

Сасықкөлдің жағасында қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ұлы ақынның мейрейтойына арналған ұлан асыр тойға 5 мыңнан астам адам жиналды. Түркітілдес мемлекеттерден Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар арнайы келді.

Хулия Касапоглы, Хаджы Байрам Уәли университеті түркия зерттеу орталығының директоры, профессор:

Түркияның халқы, бауырлас ел Мағжанды қатты құрметтейді. Лекцияларды оқытамыз. Диссертациялар дайындаймыз. Мағжан ақынды жан-жақты дәріптеп келеміз.

Алаш қайраткерінің құрметіне халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан атынан 8 жұп бақ сынады. Бас жүлдеге тігілген темір тұлпар Шұғайып Сезімханға бұйырды.

Шұғайып Сезімхан, ақын:

Қазақтың мақтанышы ғой, енді. Ол кісінің өмірі де, өлеңі де, ерекше бөлек. Сол керемет тойлап жатыр. Мына Қызылжардағы қазақтар ат төбеліней аз ғана бола да, бойында бір керемет рухтың бар екенін көрсетіп жатыр.

Аламан бәйгеге сайдың тасындай іріктелген 30 сәйгүлік қатысты. Алматылық «Қыран» атты тұлпар шашасына шаң жұқпай, мәреге бірінші болып жетті.

Исламнұр Ертөс, шабандоз:

Менің атым шауып алған ат. Бәрін біледі, бәрін көрген ат. Қыстай мінілген ат. Сол үшін дайындығы ұтады деп ойладым.

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған шаралар жыл соңына дейін жалғаспақ. Ақынның мерейтойы қараша айында Түркияда да аталып өтеді.

Хабарламаларға жазылу