«Ұлы Жібек жолы бойындағы достық және әріптестік» белгісі Корей Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан секілді мемлекеттерге орнатылған. Бүгін сол естелік белгі Қазақ жерінде де қойылмақ.
Бұл белгіні қоюға «Есік мемлекеттік қорық-музейінің» алынуының өзіндік себебі бар. Ұжым 2013 жылдан бері Корей Республикасының әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста. Сақ қорғандарын көрген ғалымдар «бізде де осындай қорымдар жетерлік», деп қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Осылайша, екі ел арасында ғылыми байланыстар дамып, өз нәтижесін бере бастады.
Корея Республикасымен археологиялық жұмыстар жүргізілгеніне биыл 3 жыл болды. Таяуда Алматыда Корея Республикасының Экономиканы дамыту ұйымының бастамасымен «Ұлы Жібек жолы және солтүстік бағыттағы әріптестік» атты халықаралық форум өткен болатын. «Алтын адам» музейіндегі бұл шара осы форумның заңды жалғасы.
Салтанатты жиынға арнайы келген қонақтар музейді аралап, қазақ халқының тарихымен танысты. Естелік белгіні салтанатпен ашып, қазақ елін тарихи оқиғамен құттықтап, музейден алған әсерлерін ортаға салды.