«Достық керуені» бір жылдық жолға шықты

20.09.2014
«Достық керуені» бір жылдық жолға шықты

Қытайдан Қазақстанға «достық керуені» аттанды. Сиань қаласынан шыққан  керуен Ұлы Жібек жолының бағдарымен жүріп өтіп, Тараз қаласына келіп тоқтайды. «Достық керуені» бұл ара-қашықтықты бір жылға жуық мерзімнің ішінде жүріп өтпекші.

Бұл шараға қазақстандық дүнгендер қауымдастығы мен Қытайдағы Шаньси провинциясының әкімшілігі мұрындық болып отыр. Олардың айтуынша,   шараның басты мақсаты Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеу жобасын қолдау және қазақ-қытай сауда-экономикалық, достық қатынастарын нығайту болып табылады.

Достық керуенінің Сиань – Тараз бағытын таңдауы кездейсоқ емес. Ұлы Жібек жолы Сиань қаласынан бастау алады. Ал тарихы тереңге тартатын Тараз – 7-8 ғасырда  Жібек жолының  сауда және қолөнер орталығы болған. Яғни, көрішес елмен көне заманнан жан-жақты қарым- қатынас орнатылған.

Хусейн Дауров, Қазақстан дүнгендер қауымдастығының төрағасы:

«Достық керуені» бұрынғының бейнесімен бүгінгі қатынастардың деңгейін көрсетіп, олардың дами түсуіне септігін тигізеді. Бұл арқылы біз Жібек жолы бойындағы екі  жақты экономикалық бастамалар мен жобалардың іске асырылуын жеделдетеміз.  

Керуеннің Қазақстанға апара жатқан негізгі тауары шәй.  Бұл жүк  136 түйе мен 8 атарбаға артылған.  Бір қызығы бұл сандар жиынтығы тектен-текке таңдалған жоқ. Қосындының өзіндік сыры бар. Яғни,  керуенге артылған шәйдің 1368  жылы шығарылғанын аңғартады.   

Дәурен Бауыржанұлы, тілші:

Бұл керуен бір жыл ішінде бес жарым мың шақырымды жүруді көздеп отыр. Күніне шамамен жиырма шақырым жүріп отырады. Оларды жиырмаға жуық автокөлік  азық-түлік және де басқа керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп отырады.

Ян Бин, керуен басы:

Тарихқа терең шомғандай күй кешіп тұрмын. Барлығы байырғының үлгісіндей жасап шығарылған. Бұл үлкен, игі істің бастамасы, деп білемін.

Түс ауа татулық пен ынтымақтастықты ұран еткен «достық керуені» жолға шықты. Сәтін салса, келер жылдың сәуір айында екі ел арасындағы шекарадан өтеді. Ал тамыз айында керуен Таразға табан тірейтін болады.

Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу