«1 студияның» бүгінгі шығарылымы Астана тақырыбына арналды.
Студия қонақтары - қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Төлеген Мұхамеджанов, Астанадағы «Қазақ елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, философия ғылымдарының кандидаты Дархан Жазықбаев.
Хабар барысында белгілі композитор елордаға алғаш көшіп келген кездегі естеліктерімен бөлісті.
«Мен Астанаға 7-қаңтар күні түнгі сағат 11-ге таман ұшып келдім. Ең біріншіден, паналайтын жер болған жоқ. Сондағы ұшақтан түсе бергендегі көрініс - қап-қараңғы дала, ызғар жел болды. Сол кезде маған қамқоршы болған Иманғали Тасмағамбетов еді. «Қорықпа, менімен бірге тұрасың» деді. Жалпы, бұл - осында көшіп келген әрбір азаматтың басынан өткен жағдай. Бір күні жігіттермен түскі асқа мейрамханаға барамыз деп келістік. Баратын мейрамхана іздеп, таба алмаған болатынбыз. Сол уақытта мұнда 200 мыңнан астам халық тұрды. Оның 17 пайызы ғана - қазақ. Бір ғана қазақ мектебі болды. Міне, осындай кезден жұмыс басталған болатын. Ең қиыны – қаражат жағы болды. Біз барлық жұмысты қолымыздан келгенше аз қаражатпен шешуге тырыстық. Сол шақтағы ең кереметі – әрбір адамның алға ұмтылуы еді.
1999 жылы Наурыз мерекесін өткіздік. Сонда Елбасының «Жігіттер мұның бәрі түк емес, осының бәрінен өтеміз», дегені әлі күнге дейін есімде. Қазір Астана - еліміздің мақтанышы, ерекше сәулетті, әсем қала».
Айта кетейік, 4-шілдеден басталған Астана күнін тойлау шаралары әлі де жалғасуда. Биыл бас қалаға 19 жыл толды.