«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» төңірегінде дау өршитін түрі бар. Себебі, қазақстандықтардың 78 миллиард теңгесі осы қордан алынып, Әзірбайжанның халықаралық банкіне салынған. Ал, ол банк банкрот жағдайында. Қысқасы, салымшылардың жиған-терген қаржысы күйіп кеткелі тұр. Жауапты мекеме Қазақстанның Ұлттық банкі әзірге үнсіз.
Бүгінгі «Басты тақырыпта» осы мәселе жөнінде пікір білдіру үшін Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков қонақта болды.
Ұлттық банктің үнсіз жату себебіне тоқталған экономист банк басшылығы алдымен тиісті топ құруы ықтимал екенін айтады.
«Екіншіден, бұл топ әзірбайжандық әріптестерінен қосымша ақпараттар алуда және үшіншіден, біздің ақпарат бойынша, бұл қаражат Әзірбайжанның халықаралық банкіне 2014 жылы жіберілген екен. Демек, Ұлттық банкте сол жылы басшылық еткен тұлғалармен де қосымша пысықтаулар жүргізілуі мүмкін»,-дейді.
Ал, халықтың бейнетпен жинаған қаржысы Әзірбайжан банкімен бірге жоғалғалы тұр ма деген сауалға Қайырбек Арыстанбеков таяуда екі сценарий болуы ықтимал дейді.
«Оның бірі жағымды, бірі жағымсыз. Жағымды сценарий бойынша, Әзірбайжан банкі бұл мемлекеттік банк. Екіншіден, басқа елдермен салыстырғанда Әзірбайжан мұнай экспорттайтын елдердің қатарында. Демек, бұл елде ұлттық қор бар. Яғни, банкті құтқару шаралары қолға алынуы ықтимал.
Ал, жағымсызы – егер банк банкрот деп жарияланса, ол барлық кредитордың қарызын өтеуге міндетті емес»,-дейді.