«Жас қанат-2017» республикалық жас орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті.
Дәл осы күні қатысушыларды Астана әкімдігінде тағы бір маңызды кездесу күтіп тұрды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысушыларды өте жылы қарсы алды. Сондай-ақ, Ермек Әмірханұлы «Жас қанат» қатысушыларынан жарыстан алған әсері мен болашақ жоспарларын сұрастырып, бұрынғы телешоулардың қандай болғандығы жайлы әңгімеледі. Кездесу соңында қатысушылар «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап берді.
Ал, сол күннің кешінде республикамыздың танымал әртістері Бақыт Шадаева, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев және «К7» тобы өнер көрсеткен дүбірлі финал мен гала-концерт өтті.
«Жас қанат-2017» ХХVІ жас орындаушылар байқауы көрермен көңілінде естен кетпес драйвпен қатар, формат тұрғысынан өзгерістермен есте қалды. Биыл әділқазылар мен қатысушылар арасында еркін әңгіме алаңы құрылды, сұрақтар қойылды, әр қатысушыға жеке-жеке кеңестер айтылды.
«Алтын қанатқа» ие болу жолында 5 финалист бақ сынасты.
- Анель Смаилова, 18 жас, Талдықорған
- Бүркіт Жанай, 20 жас, Петропавл
- «IN CORO» тобы, Өскемен
- Томирис Жанғазинова, 15 жас, Алматы
- Мадияр Бахтияров, 28 жас, Павлодар
Әділқазыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Себебі, олар ең-ең деген қатысушыны таңдауы қажет еді. Сонымен, «Жас қанат-2017» ХХVІ жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары:
«IN CORO» тобы – үшінші сыйлық, яғни, «қола қанаттың» иегерлері;
Бүркіт Жанай – екінші сыйлық, яғни, «күміс қанаттың» иегері;
Мадияр Бахтияров – байқау жеңімпазы, бірінші сыйлық, яғни, «алтын қанаттың» иегері. Ол алғашқы әсерімен бөлісті:
«Бұл - сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуаныш. Менің есімімді атағанда бұрын-соңды сезінбеген, түсініксіз эмоцияны бастан өткердім. Қатты толқып тұрдым, күтудің өзі қобалжытты. Бірақ, әу баста-ақ тек жақсыдан үміт еттім. Ақыры, орындалды. «Жас қанат» - шындығында аты аңызға айналған байқау. Әділқазылар алқасына және байқау бойы маған жанкүйер болған достарыма алғыс айтамын».