Бүгін - «Жас қанат» байқауының финалы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - «Жас қанат» байқауының финалы

14.05.2017
Бүгін - «Жас қанат» байқауының финалы

Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жас орындаушылардың жыл сайынғы «Жас қанат-2017» байқауына қатысушылармен кездесті. Айта кетейік, мұндай кездесулер игі дәстүрге айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында жас орындаушылар байқауда алған әсерлерімен, жоспарларымен бөлісті. Еске салайық, Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы өткізіліп келе жатқан «Жас қанат» байқауы өткен жылы өзінің 25 жылдығын атап өтті.

Аталған байқау көптеген жас орындаушылардың жолын ашты, бүгінде олар миллиондаған көрерменнің көзайымына айналды. Атап айтқанда, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, «Melo'Men» тобы, Құрмаш Маханов, Сәкен Майғазиев, Гауһар Қаспакова, Жанна Саттарова, Алтынай Жорабаева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Гүлнұр Оразымбетова және т.б.

«Жиырма алтыншы байқау және әр жолы жаңа. Халық алдына шығу үшін жас орындаушылардың репертуарын жасау керек, сапалы әрлеу керек. Бір жағынан байқау мүмкіндік береді, оны қалай пайдаланасың? Ертең ұйқыдан көз ашқанда, жарық та, апплодисмент те болмайды. Осы кезде өмірлеріңдегі байқау басталады деймін. Басты байқау «Жас қанат» емес, одан кейін болады. Бұл мектеп», - деді байқаудың бас продюсері Мұрат Ерғалиев.

Айта кетейік, 2012 жылы байқаудың бас жүлдесін Димаш Құдайберген иеленді. Сол кездегі бала Димаш бүгінде Қытайда өткен әлемге танымал «I am a Singer» байқауына қатысып, төрткүл дүниеге танылды.

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев құттықтауға жауап ретінде ұлының табысқа жетуінде «Жас қанаттың» да үлесі барын айтып, Мұрат Ерғалиевке алғыс білдірді. Бүгін байқаудың финалы өтеді.

Кездесу соңында жас әншілер Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін бірге орындады.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу