Діни білім алуға ынтық жастарды шетелге жіберу мәселесінде талап артып отыр. Оқуға кететін жастарға нақты қандай талаптар қойылады? Қай елдерге жіберілмейді?
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын:
Қазір заңнама шеңберінде мемлекеттің немесе діни басқарманың, ресми тіркелген діни бірлестіктердің рұқсатынсыз ешқандай оқуға жібермеу туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл заңда қалай көрініс табатынын әлі де пысықтау қажет. Десе де, біздің ойымызша, бастапқы діни білімді, орта және жоғары білімді жастар елімізде алса дейміз. Осылайша, жат идеологияға қарсы иммунитет қалыптасқан кезде Діни басқарма жолдамасымен бару туралы ой-пікірлер айтылуда.
Ал, дәстүрлі дінді бұзушылармен күрес қалай жүріп жатыр?
«Қара орамал, қысқа шалбар, қауға сақал - бұл сыртқы атрибутика. Негізгі мәселе олардың санасында. Олар сол арқылы мемлекеттік құрылымымызды, ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды мойындамайтынын көрсеткілері келеді. Сондықтан, ең бірінші күрес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ, еліміздің бірқатар өңірінде салафизммен санасы уланған жастардың саны артып барады. Олардың нақты есебін анықтау қиын. Дегенмен, бірнеше фактордан тұратын ортақ методика қалыптастыру қарастырылуда», - дейді маман.
Студия қонағы бұдан бөлек, экстермистік, тоеррорлық идеяларды таратушылардан келетін қауіп-қатердің алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті.
«Өткен жылдың өзінде 15 мыңға жуық интернет-ресурсқа сараптама жүргізіліп, оның 1500-ге жуығы заңға қайшы деп танылды. Биыл жыл басынан бері 300-ден астам ресурс әшкереленді», дейді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі.