Қазақстан Ауғанстан мен Өзбекстанға гуманитарлық көмек жібереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Ауғанстан мен Өзбекстанға гуманитарлық көмек жібереді

23.07.2020
Қазақстан Ауғанстан мен Өзбекстанға гуманитарлық көмек жібереді

Қазақстан Үкіметі Ауғанстан Ислам Республикасы мен Өзбекстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұған қатысты Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойған қаулы «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми ізгілік көмекті алушыларды айқындасын және оны көрсету жөніндегі шараларды үйлестіруді қамтамасыз етсін. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ізгілік жүкті Ауғанстан Ислам Республикасы мен Өзбекстан Республикасындағы межелі пункттерге дейін тасымалдау мен жеткізуді қамтамасыз етсін. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын», делінген қаулыда. 

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Құжатқа сәйкес, Ауғанстанға 500 көрпе қап, 50 қысқы шатыр, 500 данадан жиналмалы металл кереует, матрас, жастық тыстары, жастық, көрпе, жылы шалбар және мың дана ақжайма, 400 тоқыма бас киім, Өзбекстанға 600 тонна ұн, 250 тонна қарақұмық жармасы, 100 мың литр өсімдік майы, 50 мың сүт консервісі жіберіледі.

Хабарламаларға жазылу