Полиция қызметкері Қайрат Жұмабеков жасаған ерлік пен өрлік ешқашан ұмытылмайды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция қызметкері Қайрат Жұмабеков жасаған ерлік пен өрлік ешқашан ұмытылмайды (ВИДЕО)

07.04.2017

Осыдан 9 жыл бұрын  Қарағанды облысында болған оқиға әлі күнге дейін ел есінде. Ержүрек жігіттер 130 баланың өмірін құтқарып қалып еді. Алматы-Екатеринбург тасжолында балалар мінген 3 автобусты инспектор Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугач полиция көлігімен бастап келе жатады. Аршалы кентіне 10 шақырым қалған кезде кенет қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігі алдындағы жеңіл көлікті басып озбақ болады. Бірақ, ол ойы іске аспай қалады да, алдындағы жеңіл көлікті келіп ұрады. Егер осы тұста Қайрат шұғыл шешім қабылдамағанда 130 баланың өмірі қиылар еді.

Қайрат Жұмабеков сол жерде тіл тартпай кетті. Қасындағы старшина Дмитрий Пугач ауыр жарақаттанады. Қарсы келе жатқан жеңіл көліктің жүргізушісі де қайтыс болды. Ал, өрімдей балалар үшін өз өмірін қиған Қайрат небәрі 30 жаста еді. Артында екі баласы қалды.

10 жыл бұрын болған оқиға Ұлттық арнада еске алынды. «Айтуға оңайда...»  Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл Жексенбина қонақта болып, сол кездегі жағдайдың мән-жайымен бөлісті.

«Қазір үлкен  балам  Ғалым 17-ге, қызым 12-ге толады. 10 жыл бұрын қызым 3 жаста болған. Жолдасымның мінезі ақкөңіл, достарына сыйлы болатын. Қолындағыны аямайтын.   Қайрат өмірден озғаннан кейін Қарағанды облысы ІІД-нің қызметкерлерімен оқиға болған жерге ескерткіш қоюға бардық. Өз көзіммен оқиға болған жерді көрдім. Жол үлкен, ол жерден жалтарып кетіп қалуға болатын еді.  Қайрат балаларды өте қатты жақсы көретін және  өз қызметіне адал», дейді Назгүл Жексенбина.

Бүгінде Қайрат Жұмабековтің жұбайы Қарағанды облысының ІІД қызмет атқаруда. Ол ұлының әкесі сияқты полиция қызметкері болғысы келетіндігін жеткізді.

Бірнеше жыл бұрын орын алған оқиғадағы оқушылар бүгінде аман-есен, біреуі жұмыс істеп жатса, енді бірі студент. Бағдарламаға сол оқиға куәгерлері Әсемгүл Абатова мен Елдар Нұрмағамбет қатысып, өз ойларын ортаға салды.

 

Хабарламаларға жазылу