Темір тордың арғы жағында да тағдыр бар. Бірақ, бізге беймәлім. Жазасын өтеушілердің өмірі де бұлыңғыр еді. Сөйтсек, ол жақ абақты емес, кәдімгі азап мекені екен. Қолға түстің бе, тырп еткізбейді.
Алдымен, тергеушінің теперіші мен тепкісін көресің. Тіпті, сені ешбір қатысың болмаса да қылмыскер жасап шығару түк емес көрінеді. Ұрады, соғады, азаптау тәсілінің сан түрін қолданады. Бір адамның мойынына ашылмай жатқан көптеген қылмыстарды есеп үшін іле салу оңай. Тергеуші бәлкім күшпен мойындатып, шен алар, шекпен алар, ал, жазасын өтеушінің тағдыры талқан болары сөзсіз.
Ал, темір тордың арғы жағында жазылмаған өз заңы мен қатал «қожайындары» бар. Инкубатор балапандарындай бірыңғай киім кигізіп алдымен қорлайды, сосын зорлайды, сау адамды мүгедек ету түк емес екен.
Мұндай озбырлықтардың заман басқа, заң басқа, адам құқықтары алға шыққан өркениет дәуірінде яғни, 21 ғасырда, дәл қазіргі кезде жасалып жатқаны өкінішті, әрине. Құқық қорғау саласын құқықты қорлау саласына айналдырғандардың әрекеті кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық.
Әлемдік тәжірибеде абақтының бір бөлмесінде ең көбі 5 адам жататын болса, бізде 25-30 адамды бірақ сыйдыратындар бар. Бір сөзбен, түзету мекемелері жазасын өтеушілер үшін ең қауіпті орынға айналған.
Жабық мекемелердің ар жағындағы жапа шегіп жатқан өмірлерді арашалау үшін Бас прокуратура іске кірісті.
Айдана ҮСЕНБАЙ