Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын Сенаттың қарауына жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын Сенаттың қарауына жіберді

14.06.2023

Бүгін Мәжіліс «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Құжатқа Президент қол қойса, соңғы 30 жылда бюджет ақшасын жымқырғандардың аты-жөні белгілі болады.

Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы 7 тарау, 36 баптан тұрады. Оған сәйкес, заңсыз активтерді іздеу және қайтару жұмыстарын Бас прокуратура жанынан құрылған уәкілетті орган атқарады. Алдымен заңсыз активі бар болуы мүмкін адамдардың тізімі жасалады. Алайда оған кімдердің енгені құпия сақталмақ. Тізімді Үкімет басқаратын арнайы комиссия жасақтайды. Қоғам белсенділері мен депутаттар арасында дау тудырған заңның бұл тұсын Бас прокуратура өкілі былай түсіндірді.

Айдар Сасенов, ҚР Бас прокуратура өкілі:

Тексеру әрекеттері, амалдары аяқталғанша бізде заң бар ғой. Тұлғалардың жеке деректерін қорғайтын. Сол заңды бақылау керек, сақтау керек. Сондықтан олардың аттары қазірге аталмайды.

Активтерді қайтару ерікті және мәжбүрлі түрде жүреді. Қаражатты өз еркімен қайтарғандар жауапқа тартылмайды. Ал тізімге иелігінде 100 млрд АҚШ долларынан астам капиталы бар адамдар енеді. Олар бір жыл бойы арнайы тексерістен өтеді. Егер күмәнді активінің заңсыз екені дәлелденбесе, бұл тізімнен автоматты түрде шығарылады.

Снежанна Имашева ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Күмән тудыратын мәселелер болады. Соларды анықтап, егер де түсіндіре алмаса, осы активтердің қайдан шыққанын бұл деген заңсыз болып табылады. Бірақ, егер де қылмыс арқылы табылса, ол деген басқа история бұл қылмыстық кодекспен реттелетін мәселе.

Ал депутат Марат Башимов сыртқа кеткен қаржының артында елге белгілі адамдардың да тұрғанын айтады.. Тіпті заң жобасын қабылдар кезде кедергі келтірген олигархтар болған дейді.

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Оның бәрі за кадром қалды. Бірақ, лоббистер өте көп болды. Тіпті заңға кіріскенде де лоббистер артымыздан қалмай өздеріміздің шешімдерімізде өткіземіз деп қойған. Біз оған қарамай өткіздік. Олар олигархтармен байланысты кісілер. Билікте де отыр. Құқық қорғау органында да отыр. Бар жерде де бар. Оны мойындау керек.

Мәжілісте қаралған заң жобасын талқылауға 90 депутат қатысты. Соның 89-ы құжатты қолдаса, бір депутат қалыс қалды. Осылайша, заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу