Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, «АЛЖИР» тұтқындарының ұрпақтары, сондай-ақ елорда тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың: «Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік» деген сөзіне тоқталып өтті.
Г.Әбдіқалықова 1921-1954 жылдары 3,7 млн-нан астам адам сотталғанын, оның 640 мыңнан астамы атылғанын, соның ішінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, Кеңес халық комиссариаты басшылары, облыстық партия комитеті хатшылары, облыстық атқару комитеттерінің төрағалары және т.б. болғанын айтты. Мемлекеттік хатшы тарихымыздағы ол оқиғалардың ешқашан ұмытылмайтынын және енді мұндай қасіреттің қайталануына жол берілмейтінін айтты.
2007 жылғы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің 10 жылдығы аясында «АЛЖИР» – бұрынғы Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері орналасқан Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған еді.
Арнаулы лагерь 1937 – 1953 жылдары жұмыс істеді. Онда Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Санжар Асфендияров сияқты қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің жұбайлары, сондай-ақ, маршал Михаил Тухачевскийдің әпкесі, Авель Енукидзенің жұбайы мен қызы және т.б. қамауда болған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде «Қайғы қақпасы» монументі, содай-ақ «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» сияқты екі мүсіндік композиция, «Еске алу қабырғасы» бар.