Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін шаршы алаңға қазақстандық боксшылардан 48 келідегі Назым Қызайбай, 51 келідегі Жайна Шекербекова және 64 келідегі Зарина Цолоева шығады.
Зарина Цолоева күндізгі сессияның «А» рингінде, Назым Қызайбай «В» рингте жұдырықтасады. Ал, Жайна Шекербекова кешкі сессиядағы «А» рингінде шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, бұл Әлем чемпионатында Рио Олимпиадасына 12 жолдама сарапқа салынады. Яғни, Олимпиада салмағына енген 51, 60 және 75 келіде жартылай финалға шыққан боксшыларға Олимпиадаға жолдама беріледі.
Әлем біріншілігінің күндізгі сессиясын «Kazsport» телеарнасы сағат 13:40-та, ал, кешкі сессияны 18:40-тан бастап тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық бәсекені «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тамашалай аласыздар. Әлем чемпионаты 27 мамырда аяқталады.