Елордада еліміздің басты музыкалық байқауларының бірі «Жас қанат» өз шымылдығын ашты. Биыл жас орындаушылар байқауы 25-ші рет өткізілмек. Бейбітшілік және келісім сарайында ерекше музыкалық атмосфера орнап, қонақтар назарына әдемі декорациялар ұсынылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Байқау 2001 жылдан бері Астанада ұйымдастырылуда. Шараның ашылу салтанатына алғаш болып отандық эстрада жұлдыздары - бұрынғы байқаулардың жеңімпаздары Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Мәдина Сәдуақасова, Жанар Доғалова, Маржан Арапбаева, сондай-ақ, конкурстың негізін қалаушы Мұрат Ерғалиев келді. Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Биыл «Жас қанатқа» 25 жыл болады. «Жас қанат» зор мүмкіндіктерге жол ашады - бұл болашақ жұлдыздар үшін мобильді, креативті, жеңіл алаң, аталған байқау тәуелсіздігіміздің құрдасы. Осы жылдар ішінде телекөрермендермен, ұйымдастырушылармен бірге «Жас қанат» дамып, өсіп келеді, - деді Ермек Аманшаев.
Айта кетейік, жас орындаушылардың «Жас қанат» байқауы 22 мамырға дейін өтеді. Бұл күні қазылар алқасы жеңімпаздың есімін жария етеді.