Кристин Лагард ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кристин Лагард ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келеді

19.05.2016
Кристин Лагард  ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келеді

Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры Кристин Лагард Астана экономикалық форумының (АЭФ) шеңберінде ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу үшін келесі аптада Қазақстанға келеді. Бұл туралы бүгін журналистерге ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов хабарлады.

«АЭФ-ке орайластырылған ХВҚ-ның Өңірлік конференциясы 24 мамырда Астана қаласында жабық дөңгелек үстел форматында өтеді.

Конференцияға қатысушылар ретінде Орталық Азия, Кавказ, Еуразия өңірінің елдері экономикалық блогының бірінші басшылары сөз сөйлейді» - деді Ғ. Пірматов.

Оның айтуынша, конференция барысында өңірдің ағымдағы экономикалық жағдайын және ортамерзімді перспективада орнықты өсуге жәрдемдесуді талқылау жоспарланған.

Еске сала кетсек, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу және қорға мүше елдерге практикалық көмек көрсету - ХВҚ-ның негізгі мақсаты.

Хабарламаларға жазылу