Астана көшелерінде ақылы тұрақ орындары пайда болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана көшелерінде ақылы тұрақ орындары пайда болады

13.05.2016
Астана көшелерінде ақылы тұрақ орындары пайда болады

Осы жылдың ІІ тоқсанында «Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасын енгізу жоспарланған. Қазіргі кезде орталық көшелер мен даңғылдарда 9 мыңға жуық тұрақ орнын қамтитын 259 тұрақ орны белгіленді.

Көліктік талдау қорытындысы бойынша бүгінгі таңда елордада қарбалас уақытта тұрақ орындарына түсетін жүктеме 165 пайызды құрайды. Ал, осы кездегі паркингтер жүктемесі – 64 пайыз.

Тұран, Қабанбай батыр, Сарыарқа, Республика, Жеңіс, Бөгенбай батыр даңғылдары мен Достық, Әуезов, Желтоқсан, Кенесары, Сығанақ, Сейфуллин, Бөкейхан, Түркістан, Бейбітшілік, Сарайшық және т.б. көшелердегі тұрақтар ақылы болады.

«Астананың тұрақ кеңістігін басқару» жобасы екі аймақтан тұратын болады. Бірінші аймаққа Республика даңғылы – Бөгенбай батыр даңғылы – Сарыарқа даңғылы– Есіл өзенінің жағалауы шегінде орналасқан тұрақтар жатады. Екінші аймақ Орынбор – Сарайшық – Тұран – Сығанақ көшелерінде орналасқан тұрақтарды қамтиды.

Тұрақ орындары жетпеген жағдайда күрделі көп деңгейлі паркингтер салу, сондай-ақ, автоматтандырылған тұрақтар жасау көзделген. Астананың бірыңғай тұрақ кеңістігін құру көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтып, жаяу жүргіншілердің, қоғамдық көліктер мен автомобильдердің қозғалысын жеңілдетеді.

Көлік құралдары көп жүретін жерлерде ақылы тұрақтар жасау әлемдік тәжірибеде қолданылатын жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын азайту және кептелістерді болдырмау бойынша тиімді шаралардың бірі.

Хабарламаларға жазылу