25 мамыр Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның инвестициялық саммиті өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25 мамыр Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның инвестициялық саммиті өтеді

12.05.2016
25 мамыр Астана экономикалық форумы аясында Қазақстанның инвестициялық саммиті өтеді

25 мамырда Астана экономикалық форумының негізгі сессияларының бірі «Kazakhstan investment summit» өтеді. Саммит ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің баяндамасымен ашылып, онда реформаларға қатысты Үкімет жоспары мен әртараптандыру бағытында іске асырылатын түйінді саяси бастамалар белгіленеді.

«Саммитке Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастыққа мүдделі халықаралық және жергілікті корпорациялардың жоғары басшыларының 120 өкілі қатысады. Оның барысында шикізат экономикасын әртараптандыру бағытындағы Қазақстан қол жеткізген прогреске, сондай-ақ келешек перспективалар мен жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге назар аударылатын болады. Саммит Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің баяндамасымен ашылады, онда реформаларға қатысты Үкімет жоспары мен әртараптандыру жолында іске асырылатын түйінді саяси бастамалар белгіленеді», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, саммитке қатысушылар үшін ауыл шаруашылығы, даму институттары, инфрақұрылымдар, технологиялар мен инновациялар, білім экономикасы мәселелеріне арналған бірнеше дөңгелек үстелдер жоспарланып отыр. Сессияға Үкімет басшысынан бөлек, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік басқармасының бас экономисі Ганс Тиммер,  «McKinsey Global Institute» директоры, Ричард Доббс,  Массачусет технология институтының экономика профессоры, 2005 жылғы Джон Бейтс Кларк медалінің  иегері Дарон Аджемоглу, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің Жаһандық мәселелер жөніндегі институт директоры Эрик Берглоф, ЭЫДҰ Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының басшысы Антонио Сомма және тағы басқалары қатысады.

Хабарламаларға жазылу