Қазақстанда туберкулезді емдеуге арналған Бедаквилин препараты енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда туберкулезді емдеуге арналған Бедаквилин препараты енгізілді

20.04.2016
Қазақстанда туберкулезді емдеуге арналған Бедаквилин препараты енгізілді

Қазақстанда көптеген дәрі-дәрмекке төзімді келетін туберкулезді емдеуге арналған Бедаквилин препараты енгізілді. Бұл туралы Алматыда Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында осы орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Исмаилов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Бедаквилин - әлемде 1960 жылдан бері тұңғыш рет емдеуге рұқсат етілген жаңа препарат.

«Бұл дәрі-дәрмекке төзімді туберкулез формаларын емдеуде соңғы 40 жыл ішіндегі ең елеулі жетістік деуге болады. АҚШ ғалымдары ойлап тапқан Бедаквилин дәрісі 2012 жылы тұңғыш рет АҚШ-та жеделдетілген түрде қолданыла бастады. Өзінің тиімділігін көрсетті. Содан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны бүкіл әлем бойынша туберкулездің дәрі-дәрмекке төзімді формаларын емдеуге қолдануға рұқсат етті. АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) бастамасымен көптеген елдер бұл дәріге тегін қол жеткізіп отыр.

Биыл сол елдерге Бедаквилиннің 30 мың емдік курсқа шақталған мөлшері таратылады. Ал, Қазақстан алғашқылардың бірі болып осы препаратты енгізуде. Енді көптеген дәрі-дәрмекке төзімді келетін туберкулезден зардап шегетін 500 қазақстандық науқас толығымен айығып кеткенше, яғни, 6 ай бойы осы Бедаквилин және соған қосымша препараттар арқылы кешенді ем қабылдайды», - деді Ж. Исмаилов.

Сонымен қатар, ол Қазақстанда қазіргі таңда туберкулезге қатысты жағдайдың едәуір жақсарғандығын жеткізді.

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде туберкулез ауруын анықтау және оны тиімді емдеу бойынша көш басында келеді. Қазақстанда туберкулезге қарсы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Орталық Азия өңірінде Қазақстанда ғана науқастар республикалық бюджет есебінен тегін емделеді. Елімізде соңғы 10 жыл ішінде туберкулез ауруының көрсеткіші екі есеге төмендеді. Жыл сайын республикалық бюджеттен туберкулезге қарсы қызметке 35 миллиард теңге жұмсалады», - деді Ж. Исмаилов.

Айта кетелік, Бедаквилин препаратын АҚШ-тың «Джонсон & Джонсон» компаниясының еншіліс компаниясы «Янссен Фармасьютикалз» кәсіпорны ойлап тапқан.

Ал, Қазақстанға қазіргі таңда Бедаквилиннің 150 науқасты емдеуге арналған мөлшері жеткізілген. Алматыдағы Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында, Астана қаласында және Көкшетау туберкулезге қарсы диспансерінде жалпы саны 54 науқас осы дәрі бойынша ем қабылдауды бастаған.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу