2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, «Астана Арланс» кәсіби бокс клубының бас директоры Серік Сәпиев Головкин-Уэйд жекпе-жегіне қатысты өз болжамын жасады, деп хабарлады Vesti.kz.
«Генаның жеңіске жететіндігіне сенімдімін. Оның қарсыласы жайында нақты бірдеңе айту қазір қиын. Себебі ол туралы мәлімет аз. Сондықтан ол айтарлықтай мықты емес. Дегенмен, әлсіз деп те айтуға келмейді. Гена осалдармен жұдырықтаспайды. Уэйдтің өз машығы бар, нәтижелері де жақсы, 18 рет жеңіп, еш уақытта жеңілістің ащы дәмін татпаған. Бірақ, Головкин сияқты жұлдыз емес. Жалпы, Геннадий оны еш қиындықсыз жеңеді»,- деді С.Сәпиев.
Сондай-ақ, ол жекпе-жектің қай раундта аяқталуы мүмкін екендігіне қатысты да өз болжамын жасады.
«Меніңше, бесінші, не алтыншы раундта. Жылдам нокаутты да күтудің қажеті жоқ. Генаға жұдырықтасу қажет қой. Дегенмен, бұл кездесуді Гена нокаутпен аяқтайды. Ол әдеттегідей жұмыс істейтін болады. Меніңше, бастапқы сәттен-ақ басымдық танытқанымен кездесу бірнеше раундқа созылады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Головкин-Уэйд жекпе-жегін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 24 сәуір күні таңғы сағат 07:00-де тікелей эфирде көрсетіледі.