Т.Донақов: Мемлекеттік қызметке келу мен өсу тәртібі жаңғыртылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Т.Донақов: Мемлекеттік қызметке келу мен өсу тәртібі жаңғыртылды

30.03.2016
Т.Донақов: Мемлекеттік қызметке келу мен өсу тәртібі жаңғыртылды

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов ОКҚ-де Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Ұлт жоспарының алғашқы үш қадамы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру сапасын түбегейлі көтеруге бағытталған.  Мемлекеттік қызметке келу мен өсу тәртібі де осындай мақсатпен жаңғыртылып отыр. Біліктілігіне қарай қызметке қабылдау жүйесін қолдану арқылы кадрларды таңдаудың  үш сатылы жүйесі енгізілді. Енді лауазым бойынша өрлеу тек төменгі сатыдан басталады. Бұл ретте төменгі лауазым қызметкерлері  жалпы конкурс арқылы  жүзеге асады. Ал, жоғары лауазымды қызметтерге ішкі байқау арқылы  алынады. Жоғары лауазымды қызметтерге бару үшін міндетті түрде төменгі деңгейдегі мемлекеттік лаузымдарда тәжірибе болуы керек»,-деді Т.Донақов.    

Оның сөзінше, конкурстық процедуралардың ашықтығы тәуелсіз байқаушылардың қатысуы арқылы қамтамасыз етіледі. Кадрларды таңдауда біліктілік мәселесін қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау әдісі енгізілді.

Мемлекеттік қызметке қайта келген қызметкерлер үшін міндетті сынақ мерзімі мен тәлімгер институты енгізілген. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстарын ынталандыру мен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс нәтижесі бойынша жалақы төлеу мәселесі енгізілген.    

«Ротациялау тетігін жүзеге асыру мен мемлекеттік қызметкерлердің өзге аймақтарға көшіп баруы кезінде қолдау мақсатында заңда жекешелендіруге жатпайтын баспана беру мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты оқытып отыру, оларды қайта дайындау мен біліктіліктерін арттыру мәселесі бекітілген. Бұл бағыттағы шаралар 3 жылда бір реттен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік аппаратта тиісті мамандар болмаған жағдайда оларды жалпы конкурстар арқылы квазимемлекеттік және жекелеген секторлардан тарту мәселесі қарастырылған. Бұған қоса, шетелдік менеджерлерді қабылдау мүмкіндігі де бар»,-деді министр.

Хабарламаларға жазылу