Әлемде тұңғыш рет музыка өнеріне электрлі домбыра аспабын алып келген топ – «Алдаспанның» құрылғанына биыл – 5 жыл толды. Өнер ұжымы ұлттық музыканы, оның ішінде қазақтың күйлерін рок жанрына бейімдеп орындайды. Осы стильдегі авторлық композициялары да бар.
Топ мүшелерінің ұстанымы бойынша, халықтың ән-күйлерін жаңа заманға бейімдеу өте дұрыс көркемдік шешім. Бұдан жастардың этникалық музыкаға деген қызығушылығы артады. «Егер халық әуендері таза акустикалық, академиялық күйінде қала беретін болса, оның тыңдармандары көбеймейді», дейді олар.
Топ мүшесі Шамшаддин Омаров: «Биыл біздің шығармашылығымызға бес жыл толды. 2016 жылы жаңа бейнебаяндар мен әндер жарыққа шығады. Жоспар да, атқарылар шаруа да көп».
«Электрлі домбыра қазіргі таңда тек «Алдаспан» тобында. Бұл домбыралар сұранысқа ие болуы үшін 20-30 жылдай уақыт керек. Аспаптың танымал еместігі – халықтың оның түпкі мақсатын түсінбегендіктен деп ойлаймын. Электрлі домбыра қазақы домбыраны дамыта түседі»,-дейді домбырашы.
Өнерпаздың орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.