Қандасымыз Қытайда домбыраны дәріптеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандасымыз Қытайда домбыраны дәріптеп жүр

19.07.2014
Қандасымыз Қытайда домбыраны дәріптеп жүр

Домбыра бүгінде күллі әлемге танымал. Өнерпаздар домбыраның көмегімен бар қазақтың мәдениетін,тұрмыс-тіршілігін жаһанға паш етті.

Қазақтың қара домбырасы әлемнің ең үлкен, беделді, сыйлы сахналарынан көрінді. Сырлы аспап бүгінде қазақтың ең үлкен мақтанышы болып табылады.

Өзге елде домбыраны дәріптеп жүрген қандастарымыздың айтуынша,  шетелдіктер  арасында  домбыраға қызығушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, көршілес қытайлықтар ұлттық аспабымызды үйренуге ерекше құштарлық танытуда, дейді.

Бейжіңде жақында тұңғыш жеке домбыра курсы жұмыс істей бастады.  Мұнда Мұрал есімді қандасымыз  дәріс өткізеді. Мұрал былтыр Орталық ұлттар университетін музыка мамандығы бойынша бітірді. Қазір домбыра үйретіп, нәпақа тауып жүр.

Мұндағы бас мақсат пайда табу емес, ұлттық өнерді  дәріптеу, дейді ол. Қазақтың қара домбырасын  қалың жұртқа мойындатсам деген арманы бар. Ол үшін домбыра ерекше орында.

Мұрал Бимұратұлы, домбыра мұғалімі: 

Ауылдан шығып, сыртта ойын қойып жүргенде мен домбыраны қолыма алсам, өзімнің үйімді, ауылымды, қазағымды сағынамын. Ол маған сондай бір қуат береді.

Мұралдың дәрісі аптасына екі сағатан үш рет өтеді. Үш топ. Біреуінде тек қазақ балалары, біреуі аралас, енді біреуінде тек қытайлар.  Жалпы алғанда қырық-елу шәкірті бар.

Шәкірттерінің ішінде асыл аспабымызға ерекше қызығушылықпен қарап, бар ынтасын салып үйренетіндер – қытайлар екен. Олар өздеріне таңсық аспапқа әрі таңғалады, әрі тамсанады.

Ван Чжоули, Бейжің тұрғыны:

Домбыраны алғаш университетке , музыка мамандығына сынақ тапсырғалы келгенде көрдім. Менімен бірге сынаққа келген қазақ суденттері дыңғырлатып отыр екен. Олардан бір әуен ойнап беруін өтіндім. Ұйып тыңдадым. Небәрі екі ішектен сонша әуен қалай шығады екен деп таң қалғанмын.  Сол сәттен бастап бұл ғажап аспапқа қызығушылығым туды.

Мұрал Бимұратұлы, домбыра мұғалімі: 

Қытайлардың мәдениетімен біздің мәдениет ұқсамайды. Сондықтан олар көшпенді халық мәдениетіне қызығады. Қытайды біздің жайлауға апарсаң, атқа мінгісі келеді ғой. Сол секілді домбыраға да қатты қызығады.

Мұрал кәсібінің пайдасы ұшан теңіз емес, бірақ нан табуға жететінін айтады. Жырақта жүрген қандасқа домбыра тән азығынан гөрі, жан азығын молынан береді.

Қасиетті аспабымыз алты құрлыққа танылып, қазақтың абыройы асқақтаса болды, еркектің қолына бір күрек қашан да табылады, дейді қандасымыз.

Даурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу