«Астана Опера» сахнасында Айдана Қарашева мен Юрий Таштамиров «Ерекше дуэт» атты концертте өнер көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» сахнасында Айдана Қарашева мен Юрий Таштамиров «Ерекше дуэт» атты концертте өнер көрсетеді

08.02.2016
«Астана Опера» сахнасында Айдана Қарашева мен Юрий Таштамиров «Ерекше дуэт» атты концертте өнер көрсетеді

Арфамен концерт беруде теңдесі жоқ Айдана Қарашева мен мультиаспапшы Юрий Таштамиров 16 ақпанда Камералық залдың сахнасында «Ерекше дуэт» атты концертте өнер көрсетеді.

Бұл – орындаушылардың «Астана Опера» сахнасындағы дебюті, сондықтан кеш бағдарламасына олар үлкен жауапкершілікпен дайындалуда. Оған: И.С. Бах, Э. Вилла-Лобос, М. Равель, К. Гильман, К. Глюк, Е. Үсенов және басқалардың шығармалары енді. Концертте тыңдарманды аргентиналық тангоның құштарлығы, испандық фламенконың сезімталдығы, арфаның сиқырлы құлпыруы мен саксофонның бойды қыздырар блюзі күтеді.

Айдана Қарашева арфаға алғаш теледидардан көрген бойда ғашық болғанын айтады: «Бала кезімнен музыка, өнер әлемінің ортасында өстім. Маған әрқашан әдемі туындылар ұнайтын, сондықтан да ең әдемі аспапты таңдадым».

Юрий Таштамиров шеберлігінің құпиясымен бөлісті: «Аспаптар, тілдер тәрізді, туысқан болып келеді. Мысалы, бір сөздің жазылуы да, айтылуы да әр тілде түрлі келгенмен, түбі бір, сол сияқты бір әуен де өзара туыс аспаптарда жеңіл орындалады», - дейді музыкант.

Айта кетейік, дуэт, шынымен де, ерекше – жас музыканттардың шығармашылық одағы отбасылық одаққа айналған. Енді көрермен аспапшылар орындайтын музыкалық жауһарлармен бірге, сүйген жүректердің әуенін де тамашалай алады.

Хабарламаларға жазылу