Шымкент қаласында ирригациялық жүйедегі кемшіліктер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында ирригациялық жүйедегі кемшіліктер анықталды

10.05.2024

Шымкент қаласында көктемде еріген қар суы мен жиі жауған нөсер жауын ирригациялық жүйелердің талапқа сай еместігін көрсетті. Мәслихат депутаттарынан жасақталған топтың арнайы жүргізген тексерісі барысында, Шымкент каналының 2,5 шақырым кесіндісінің өзінен 5 түрлі кемшілік анықталған. Су арналарының кейібір тұстары бітеліп қалған, бұзылған. Каналдың Қонаев көшесі тұсындағы жері биік болғандықтан, төмендегі үйлерге қауіп төндіріп тұр. Осындай жағдайларды болдырмас үшін былтыр шаһардағы 40-тан астам көшеге ирригациялық жүйелер жүргізілген болатын. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Мұнан бөлек, қосымша су арнасын салу жоспарланған. Жұмыстардың сапалы атқарылуын бақылау мақсатында, ирригациялық жүйелерді салуға бөлінген қаржы аудан әкімдерінен алынып, жайлы ортаны қалыптастыру басқармасына берілмек.

Әбілқайыр Оңғар, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:

Шымкент каналын қала әкімімен бірге барлап, ғимарат салынған, арнаны бөгеп тастаған жерлерді көріп, ақау актісін түзіп, смета әзірледік. Сметатаға сәйкес жұмыстарды жыл аяғына дейін аяқтайтын боламыз.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу