Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, оқушыларға бірнеше шет тілінен дәріс берген ұстаз Төлеу Аймағанбетова бүгінде қазақ тілін үйрету орталығын ашқан. Орталықты ашудағы себебімен бөліскен ол: «Білім беру саласында 47 жылдан бері еңбек етіп келемін. Алғашқыда орыс тілінен сабақ бердім. Кейіннен Алматының шет тілдер институтын тәмамдап, неміс тілін оқыттым.
Мұғалімдер негізі патриот жандар ғой. Мемлекетіміз жаңадан тәй-тәй басып келе жатқанда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңіту керек. Осылайша, неге бірнеше жылғы тәжірибемді қазақ тілін дамытуға қолданбасқа деген ой келді. Содан кәсібімді ауыстырдым»,-дейді.
«Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Мен немересіне өзінің ана тілінде ертегі айтпайтын әжелерден қорқамын»,-деген екен. Бұл сөзбен толық келісемін. Мені қуантатыны, сол ата-әжелер маған сабаққа келеді. «Біз немерелерімізбен тілдескіміз, олардың сабағына көмектескіміз келеді», дейді олар. Олардың осындай ынта-ықыласын біле тұра, қалайша көмектеспейсің? Біз өзіміздің әдістемемізді орыс, неміс тілдерінің әдістемелеріне сүйене отырып, ерекшеліктермен толықтырдық».
«Жалпы, әлемде 6000-ға жуық тіл бар. Сол тілдердің сөйлем құрау типологиясы 6 ғана екен. Соның ішінде қазақ тіліне тән субъект, объект, предикат приципі. Мен сол бойынша сөйлем құраудың формуласын жасадым. Сондай-ақ, бұл формуламен түрлі тақырыпқа сөйлем құрайтындай күнделікті тіршілікті қамтитын 35 сөздік жасадық. Әлі де болса жетілдіретін тұстары бар. Бұл бастамаға әлі еңбектенемін. Себебі, менің – өмірлік мақсатым, ұстаздық миссиям осы».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.