Ұлттық арнада «Арнайы өкілдер» телехикаясының тұсауы кесіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада «Арнайы өкілдер» телехикаясының тұсауы кесіледі

11.12.2015
Ұлттық арнада «Арнайы өкілдер» телехикаясының тұсауы кесіледі

«Арнайы өкілдер» бүгінгі күні отандық арнайы қызметкерлердің қалыптасуы және кәсіби өсуі туралы сыр шертетін детективті кино жанрында түсірілген қазақстандық көркем хикая. Телехикаяның әрбір бөлімінде жаһандық қауіпсіздік жүйесінің қолданыстағы тенденцияларының биігінен көрінген қазақстандық барлау және қарсы барлау қызметкерлерінің образдары әмбебап мамандар ретінде ашылады.

Әрбір серияда ҚР Ұлттық Қауіпсіздік  Комитетінің  бүгінгі қызметкерлері мемлекеттік  қауіпсіздіктің халықаралық   жүйесіндегі ең заманауи үрдістегі бірегей әмбебап  маманы ретінде  бейнеленеді.

Көрермендер 90 жылдары бастау алып, ҰҚК органдары қызметкерлерінің түрлі тағдырларымен қиылысып,  бүгінгі күнге ұласқан оқиғалардың куәсі болады. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін болжау мүмкін емес. Себебі сюжет қылмыстық детектив жанрының үздік тәжірибесіне құрылып, оқиғалар күтпеген жерден өзгеріп, шиеленісе түседі.

Хикаяның бас кейіпкерлері – Саматовтар офицерлер әулетінің өкілдері. Әулеттің үлкені құрметті демалысқа шықса, кенжесі өзінің қызметтік мансабына жаңадан кіріседі. Аталған оқиға бір әулетпен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде қызметін адал атқарып келе жатқан  ҰҚК түрлі ведомстволарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлері – талдаушылар мен оперативтік қызметкерлер, арнайы қызмет өкілдері мен шекарашылар туралы сыр шертеді.

Кейіпкерлер арқылы хикая авторлары ұлт тағдыры отандық арнайы қызметтің ақылды, сенімді және батыл өкілдерінің қолдарында болғанда халықаралық терроризм қауіп-қатерінің еліарнаймізге төнбейтінін алға тартады. Фильм жас ұрпақтың бойында әскери-патриоттық сезімді тәрбиелеуге және азаматтық қоғамның қарсы барлау санасын қалыптастыруға бағытталған.

Хикаяны «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен «Астанателефильм» ЖШС түсірді.

16 желтоқсан күні сағат 21.00-де «Қазақстан» телеарнасынан «Арнайы өкілдер» хикаясының тұсаукесерін тамашалаңыздар!

«Қазақстан» РТРК» АҚ осы жобамен қатар келешекте басқа да көптеген тың хикаяларымен көрермендерді таң қалдыратын болады.

Хабарламаларға жазылу