«Астана Опера» сахнасында Людвиг ван Бетховеннің «Тоғызыншы симфониясы» орындалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» сахнасында Людвиг ван Бетховеннің «Тоғызыншы симфониясы» орындалады

28.11.2015
«Астана Опера» сахнасында Людвиг ван Бетховеннің  «Тоғызыншы симфониясы» орындалады

29 қарашада «Астана Опера» театрының  Үлкен сахнасында көрнекті симфониялық шығарма - Людвиг ван Бетховеннің «Тоғызыншы симфониясы» орындалады. Оған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев дирижерлік етпек.

Симфония  күрескер жанның жалғыз еместігін және бірігу бостандыққа апарар жол екендігін баяндайды.

«Бетховеннің «Тоғызыншы симфониясы» - менің сүйікті шығармаларымның бірі. Аталған симфонияны Голландияның түрлі қалаларында аптасына 4 рет ойнап, әркез осы ұлы музыканы орындау алдында зор сүйіспеншілікте болдым. Симфония тек техникалық тұрғыдан ғана күрделі емес, ол асқан эмоциялық жалынды талап етеді. Сондықтан, оған жеке концерт арналады»,- деп атап өтті Алан Бөрібаев.

Атақты музыкалық шығарманы Алан Бөрібаев басқаратын «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі орындайды. Концертке сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік ететін хор әртістері қатысады.

Бетховеннің сөзін («Қуаныш» мадақ өлеңі) ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, тенор Жан Тәпин және баритон Сүндет Байғожин, Башқұртстанның Еңбек сіңірген әртісі, колоратуралық сопрано Әлфия Кәрімова мен халықаралық конкурстардың лауреаты, меццо-сопрано Татьяна Вицинская ұсынады.

Хабарламаларға жазылу