Биыл тарихшы, жазушы Бейбіт Қойшыбай 70 жасқа толып отыр. Ғалым Алаш қозғалысын зерттеуге саналы ғұмырын сарп етті. Көптеген көркем, танымдық, деректі туындылар жазды. Тарихты жаңаша пайымдауға тырысқан еңбектерін оқырман қауым жоғары бағалады.
Алматыда өткен ғылыми конференцияда қаламгердің жарты ғасырлық шығармашылығы талданды. Келелі ойлар айтылып, тың пікірлер қорытылды.
«Бір кітабында өзі айтады: «Мен Алаш қозғалысына атсалысқан 27 қаламгердің өміріне қалам тарттым»,-дейді. Бұл – жазушының Алаш идеясын насихаттауда өзіндік орны, өзіндік қаламы бар екенін көрсетеді»,-дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.
Бейбіт Қойшыбай Алаш тарихындағы ақтаңдақтарды ашуға зор үлес қосты. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бел ортасында жүріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға, сталиндік қылмыстарды әшкерелеуге атсалысты.
Қаламгердің әр кезеңде жазған еңбектері де ескерусіз қалған емес. Биылдың өзінде «Әділет туы мен ширек ғасыр», «Өзім туралы», «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас», «Алаш жолы», «Жастық шақ жырлары» деген 5 кітабы жарық көрді.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.