Әдемі қыз. Рахат Әбдірахманов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әдемі қыз. Рахат Әбдірахманов

18.11.2015
Әдемі қыз. Рахат Әбдірахманов

Елітіп өскен күнге әсем,

Ерке кештің самалымен сырлас ем.

Әлем әлі саған бақыт сыйлайды,

Сәл мұңайып отырсың ғой мұнда сен.

 

Сен – ғажапсың!

Періштесі Жер-Көктің.

Сезімімді жүрегіңде тербеттің.

Көзімменен көргенімше өзіңді,

Ғажайыптың барлығына сенбеппін.

 

Бәлкім, сені біреу алтын күн дейді,

Бәлкім, сені біреу аппақ гүл дейді.

Бірақ, бәрі гүлден сұлу жаныңның

Күннен өткен жарықтығын білмейді.

 

Қарап тұрып, мына ғажап мүсінге,

Таң қалғанда айтқан сөзім күшінде.

Сұлулығы саған жетер сурет жоқ,

Ғалам деген галерея ішінде.

 

Аққу – жүрек, Ай – көріктім ары – аппақ,

 Әлем саған бар шуағын таратпақ.

Шаттанып өт жазғанына өткеннің,

Өмір деген дәптеріңді парақтап.

 

Бұл ғұмырың үлкен бақыт сыйламақ,

Жаныңда – иман, жанарыңда – инабат.

Тағдыр сенің маңдайыңа мөр етсін,

Ең бір ғажап сәттің бәрін жинап ап.

 

Ерке кештің самалымен сырлас ең,

Сәл мұңайып отырсың ғой мұнда сен.

Әлем әлі саған бақыт сыйлайды,

Әдемі қыз, елітіп өскен күнге әсем.

Хабарламаларға жазылу