13 қараша – Халықаралық зағиптер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

13 қараша – Халықаралық зағиптер күні

13.11.2015
13 қараша – Халықаралық зағиптер күні

1745 жылы 13 қарашада Францияда Париж бен Петербургте зағип жандарға арналған бірнеше мектеп пен мекеме ашқан атақты педагог Валентин Гаюи дүниеге келген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен бұл күн Халықаралық зағиптер күні болып белгіленді.

Ондағы мақсат – көз жанарынан мәңгіге айырылған жандардың жағдайына қоғам назарын аудару. XVIII ғасырға дейін әлем зағиптерге арналған оқу мекемелерін білмей келді.

Валентин Гаюи алғаш рет өзі ойлап тапқан әріптер арқылы соқырларға арналған оқу әдістемелігін көрсетті. 1784 жылы ол Парижде үкімет пен түрлі қайырымдылық қоғамдастықтардың  қолдауынсыз өзінің қаражатына әрі өз үйінде зағип жандарға арналған әлемдегі ең алғашқы «Еңбекқор соқырлар шеберханасы» атты балалар мектебін ашады.

Мектептің алғашқы оқушысы Франсуа де Лезюер атты бала еді. Кейін тағы жастары шамалас 11 бала оқуға келеді. Зағип балалардың оқуы мен тәрбиесін Валентин Гаюи ғылыми негізге қояды. Ол «унциал» шрифтін ойлап табады. Унциал – қатты қағазға рельеф арқылы түсірілген бірдей әрі ірі әріптер. Унциалдың басты ерекшелігі – осы шрифт арқылы балалардың сауатын ашып, зағип жандарға арналған кітап шығаруға болатын еді.

Шрифт қозғалмалы болғандықтан, балалар оны ауыстырып, керекті сөзді теріп оқи алатын болды. Материалдық шығын көп болғанына қарамастан,  Валентин Гаюи мектеп ішінен баспахана ашып, рельефті бірдей шрифтпен басылған бірнеше кітап шығарады. Бұл – соқырларға арналған алғашқы кітаптар еді. Зағиптер Валентин Гаюидің кітаптарымен 1829 жылы Луи Брайльдің әріптері пайда болғанға дейін оқыды.

Бүгінде әлемде шамамен 124 миллион адам жанарынан айырылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сапартамасына сай, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай еселенуі мүмкін. Әлемнің бірқатар елдерінде Халықаралық зағиптер күнінде түрлі қайырымдылық шаралары өтеді.

Хабарламаларға жазылу