17 қараша – Халықаралық студенттер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

17 қараша – Халықаралық студенттер күні

17.11.2015
17 қараша – Халықаралық студенттер күні

Халықаралық студенттер күні 1946 жылы 17 қарашада патриот чех студенттерін еске алуға арналған Прагадағы Дүниежүзілік студенттер конгресінде қабылданған.  Аталмыш күннің тарихы II Дүниежүзілік соғыс уақытында Чехословакияда болған трагедиялық оқиғамен байланысты.

1939 жылы 28 қазанда фашистердің құрсауында қалған Чехословакияда Прага студенттері мен олардың оқытушылары Чехословакия мемлекетіндегі білім берудің бір жылдығын атап өту мақсатында шеруге шығады.

Алайда, басқыншылар бөлімшелері шерушілерді таратып жібереді. Осы кезде медицина университетінің студенті Ян Оплеталға оқ тиеді (Jan Opletal). 1939 жылдың 15 қарашасында  болған Ян Оплеталды жерлеу рәсімі қарсылық шеруіне ұласады. Он шақты демонстрант тұтқындалады.

17 қараша күні 1200-ден астам студент тұтқынға алынып, Заксенхаузен концлагеріне қамалады. 9 студент пен қозғалыс белсендісін еш сотсыз өлім жазасына кеседі.

Гитлердің бұйрығы бойынша соғыс соңына дейін барлық чех жоғары оқу орындары жабылады.

Осы оқиғалардың құрметіне Дүниежүзілік студенттер конгресінде студенттер күні белгіленеді.  Бүгінде бұл күн әлемнің бірқатар елінде аталып өтеді. Аталмыш күнді ешбір жоғары оқу орны ескерусіз қалдырмайды.

Хабарламаларға жазылу