Атырауда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған халықаралық театр фестивалі ашылды.
«Фестиваль күндері Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасындағы барлық спектакльдер драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармаларының желісі бойынша қойылады. Театр сахнасында алғаш рет өтіп отырған фестивальді Атырау облысы әкімдігі мен облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырып отыр. Фестивальға Қазақстанның әр өңірінен, сонымен бірге Моңғолия мен Қырғызстан елдерінен барлығы 11 шығармашылық ұжым келді», - деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Құрметті қонақтар арасында КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі Есімхан Обаев, жазушы, аудармашы, «Художественная литература» баспа үйінің бас директоры Георгий Пряхин, Қырғыз Республикасының Еңбегі сіңген өнер қайраткері Пусурман Удоркараев, Қырғыз ұлттық академиялық театрының директоры Темірлан Сламбеков, Моңғолия Республикасындағы қазақ қауымының жетекшісі, Моңғолия жерінде қазақ тілінде шығатын «Шұғыла» журналының бас редакторы, ақын Сұраған Рахметұлы бар.
«Біз тарихтан театрдың құдайға құлшылық еткен жерден пайда болғанын білеміз. Ғасырлар өткен сайын театрдың мазмұны өзгере берді. Бірақ, актер мен мен көрермен өзгеріссіз қалды. Сондықтан да біз актерлерді сыйлаймыз. Біздің аймақта театр өнерін дамыту қажет. Барлығы Атырауды мұнайдың астанасы дейді. Негізі, олай емес. Өмірде көп нәрсені сатып алуға болады, оның ішінде мұнайды да. Бірақ табиғи дарынды сатып алу мүмкін емес. Рахымжан Отарбай сияқты хас таланттарды бізге берді, олар - біздің құндылығымыз. Халықаралық фестиваль Атырау жерінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Біз бұны дәстүрге айналдырмақпыз», - деді Ш. Мұқан.
Рахымжан Отарбаевтың есімі Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де танымал. Оны құрметтейді, бағалайды, шығармаларын сүйіп оқиды, жаңа туындыларын күтеді. Республикадағы театрлардың барлығында дерлік оның туындылары қойылып келеді.
«Мен әр түрлі сайыстар мен фестивальдарға қуана қатысамын. Бұл - көрермендермен байланыстың бір түрі. Мәдениеттің қанша салаларының ішінде ең ауыры да әрі бастысы, меніңше, театр өнері. Ал, бүгінгі фестиваль - елімізде ғана емес, шетелде де танымал Рахымжан Отарбайды құрметтеу күні», - деді фестивальға келген қонақтардың бірі, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
«Мен Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы арқылы Қазақстанды басқа қырынан таныдым. Рахымжан өз ұлтын сүйеді, оған шын жүрегімен жаны ашиды. Қазақ елінің аспанына бұлт үйірілсе оның жүрегі қан жылайды, ал аспаны ашық болса кеудесін бүгінгідей шаттық кернейді», - деді фестивальдің ашылу салтанаты кезінде Г. Пряхин.