«Театр көктемі-2014» фестивалі өтуде (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Театр көктемі-2014» фестивалі өтуде (ФОТО)

19.03.2014
«Театр көктемі-2014» фестивалі өтуде (ФОТО)
Алматыда 18-21 наурыз күндері аралығында «Театр көктемі-2014» фестивалі өтуде. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының биылғы фестивалі - КСРО Халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған.
 
Жыл сайын Наурыз мерекесі мен Халықаралық Театр күні қарсаңында өткізілетін дәстүрлі өнер мерекесі күндері төрт спектакль көрсетіліп, сарапқа салынады.
 
18 наурыз  күні «Театр көктемі–2014» фестивалінің баспасөз конференциясы театрдың «Сырласу» клубында өтті. Сондай-ақ, бұл күні О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер  көркемсурет колледжі студенттерінің көрмесі, С.Майқанованың 100 жылдығына арналған суретті көрмесінің ашылуы салтанаты болды. Ал жалпы фестиваль шымылдығын Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан»  тарихи драмасы ашты.
 
Театр директоры Еркін Жуасбек: «Жалпы фестивальдің ерекшелігі – көрерменмен жақындаса түсудің жаңа жолдарын қарастыру. Биылғы фестиваль аясында өткелі отырған конференцияның үлкен  мақсаты бар.  Екі жылдан кейін театрға 90 жыл толады. Қазақ театрының тарихы 1972 жылдан бері әлі жазылмай келеді. Тәуелсіздіктен бергі тарихтың өзі бірнеше томға жететін уақыт болды. Біздің негізгі мақсатымыз – сол кезеңнен бергі театр тарихын түгендеу»,-дейді.
19 наурыз күні фестиваль «Сахна өнері. Бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын табады. Бұл күні  «Сырласу» клубында Қазақстанның Халық әртістері Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Сәбира Майқанованың қызы Гүлдар Майқанова актриса туралы естеліктерімен бөліседі.  Фестивальдің екінші күнінде «Апалы сіңілілі үшеу» драмасының көрсетілімі болады.
 
20 наурызда «Сырласу» клубында ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева шығармашылығы туралы көрермендермен кездесу өтпек. Онда С.Майқанова туралы естеліктер айтылып, «Таңсұлу» спектаклі көрермен назарына ұсынылмақ.
 
21 наурыз күнгі  шара КСРО Халық әртісі С.Майқанованың зиратына гүл шоғын қоюмен басталады. Шара барысында «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы қойылып, театр ғимараты алдында Наурыз мерекесіне орай дастарқан жайылып, наурыз көже ұсынылады,  ұлттық ойындар ойналады.
 
«Театр көктемі-2014» фестивалінің жабылу салтанаты түрлі аталымдар бойынша марапаттау, мерекелік  Гала концертпен аяқталады.
 

Хабарламаларға жазылу