Бүгін Дохада (Катар) өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының 4-ші жарыс күні төрт қазақстандық боксшы шығады.
Шаршы алаңға алғашқы болып Олжас Сәттібаев (52 келі) сынға түседі. Іріктеу кезеңінің 1-ші айналымында украиналық Игорь Сопинскийді ұтқан отандасымыз 18 жастағы болгариялық Даниель Асеновпен кездеседі.
Осыдан кейін, қазіргі Әлем чемпионы, Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов (69 келі) 24 жастағы беларусьтік Павел Кастраминмен кездеседі.
Ал, 81 келіде бақ сынайтын Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Сирияның екі дүркін чемпионы Алаа Алдын Хоуссоунмен қолғап түйістіреді.
Сонымен қатар, Лондон Олимпиадасының қола әрі Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иван Дычко (91 келіден жоғары) бразилиялық Рафаель Дуарте Лимамен шығады.
Айта кетейік, бүгін төрт боксшымыз да күндізгі сессияда бақ сынайды. Бұл жекпе-жектерді «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.