Қазақстандық боксшы Иван Дычко (+91 келі) Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына шықты. Ол жартылай финалдық жекпе-жекте иордандиялық Хуссейн Яшаишты 3:0 есебімен ұтты. Енді ол финалда қытайлық Янг Жибаомен жұдырықтасады.
Ал, Иванға дейін Азия чемпионатының финалына қырғыз Азат Үсенәлиевті жеңген Олжас Сәттібаев (52 келі), жапониялық Дайсуке Нариматсуды ұтқан Зәкір Сафиуллин (60 келі), моңғолиялық Тувшинбата Бямбыдан басым түскен Данияр Елеусінов (69 келі) және ирандық Хассан Шаниниді 3:0 есебімен жеңген Әділбек Ниязымбетов (81 келі) шыққан еді.
Енді Азия чемпионатының жартылай финалдық кезеңінде жекпе-жек өткізетін екі қазақстандық боксшы қалды. 56 келіде финалдық жолдаманы Қайрат Ерәлиев пен таиландтық Чатчай Батди сарапқа салса, Василий Левит (91 келі) тәжікстандық Джахон Курбановпен кездеседі.
Еске сала кетейік, «KAZsport» телеарнасы Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалдық және финалдық жекпе-жектерді тікелей эфирде көрсетуде.