Бүгін елорда әкімдігінде Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен кезекті аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде елорданың қысқы жылыту маусымына дайындығы, қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының жағдайы, сонымен қатар, халықаралық EXPO-2017 көрмесіне туристерді тарту бойынша жұмыстарды жүзеге асыру реті талқыланды.
Жиналыс барысында қалалық құрылымдардың басшылары елорда әкіміне Астана энергокешенінің, тұрғын үй қоры, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелерінің жылыту маусымына дайындығы жөнінде есеп берді.
Астана әкімі қаланың климаттық ерекшелігін ескерсе, қыс маусымы ұзаққа созылатындығына баса назар аударды.
Сондықтан, тұрғындар мен қала қонақтарының қысқы бос уақыттарын ұйымдастыру мен елорданың қысқы безендірілуіне көп көңіл бөлу керектігін айтты. Атап айтқанда, қала саябақтарында шаңғы жолдары, аулаларда мұз алаңдары мен хоккей алаңдары, қала аудандарында қысқы қалашықтардың жасалуы керектігін ескертті.
- Қыс маусымына дайындалу – біздің жұмысымыздағы басты мәселе. Қаланың құзіретті құрылымдары бұл мәселеге жіті назар аударулары қажет, - деді әкім.
Астананың EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындығына тоқтала отырып, қала басшысы Астананың халықаралық байланыстарын кеңейту керектігін сөз етті.