Павлодар облысы мешіттерінде жаназада берілетін ас мәзірі бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы мешіттерінде жаназада берілетін ас мәзірі бекітілді

08.08.2015
Павлодар облысы мешіттерінде жаназада берілетін ас мәзірі бекітілді

Павлодар облысының имамдары мұсылман жамағаттың қолдауымен жаназаларда берілетін ас мәзірін бекітті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Нұржан Дәулеткелдіұлының айтуынша, осындай шешім мұсылман жұртшылығында ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында қабылданған.

«Қазіргі таңда жаназа кезінде қайтыс болған адамның рухына құран бағышталып, ас беру тұрғындар арасындағы бәсекеге айналып кетті. Қарап отырсақ, жаназа дастарханы тойға жайылған сияқты. Жасыратыны жоқ, қойылған астың барлығы желінбейді, салдарынан ысырапшылыққа жол беріледі. Үстелдегі жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ, көптеген тәттілер – артық дүние. Ысырап - мал-мүлікті діни және адамгершілік тұрғысынан дұрыс болмаған жерлерге жұмсау. Бұл пайдалы болу, жақсылық жасау дегенді білдіреді. Дінге сай болмаған ысырап сауаптан болмайды», - дейді Нұржан Дәулеткелдіұлы.

Орталық мешіт қызметкерлері ас мәзірін реттеу бастамасын өңірдің дін жанашырлары көтергенін жеткізді. Облыстың қала-аудандарындағы 93 мешіттің өкілдері қолдау білдірген. Дін қызметкерлері тұрғындар тарапынан туындаған түсінбеушілік туындамау үшін халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.

«Ас мәзірі құрамында ет, шелпек, құрт, май, нан немесе бауырсақ енгізілген. Сондай-ақ, дастарханға қолдан ұннан жасалған тәтті тағамдарды қоюға болады. Әркім өз шамасына қарайды. Жылқы сойып, ет асу міндетті емес. Бекітілген мәзірге орай бір ыстық тамақ беруге рұқсат», - дейді Нұржан Дәулеткелдіұлы.

Хабарламаларға жазылу