Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданында ІІ Дүниежүзілік және Ауған соғысы жылдары қаза болғандарға арналған саябақ ашылды.
Жалпы құны 40 миллион теңге құрайтын саябақ кәсіпкерлердің қолдауымен салынып, аудан тұрғындарына табысталды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Сұрапыл соғыс құрбандарын еске алуға арналған саябаққа мәңгілік алаумен қатар, «Тырналар» деп аталатын ескерткіш-монументі және ауданнан шыққан Халық Қаһармандары мен ІІ Дүниежүзілік соғыс бастырларының бюсті орналастырылған. Салтанатты рәсімде аудан тұрғындарын ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.
«Биылғы жылы облысымызда Жеңістің 70 жылдығы кеңінен атап өтіліп, аудан-қалаларда осындай кешендер ашылуда. Бұл ең бастысы болашақ жастарға, өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі мол кешен болмақ. Сондықтан, саябақтың тұрғызылуына күш салып, қаржы жұмсаған кәсіпкерлерге облыс басшылығы атынан алғыс білдіремін, - деді Ж.Омар.
Шара барысында «Халық Қаһарманы», ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерді түрлі дәрежедегі төсбелгілермен марапаттады.