17-21 жас аралығындағы 437 азамат келісімшарт және мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер биыл ҚР Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына түсуді жоспарлауда. Олардың 283-і БҰТ тапсырып, 153-і кешенді тестілеуге қатысты.
26 шілдеге дейін 30 немесе одан жоғары балл жинаған үміткерлер іріктеудің келесі кезеңдерінен өту үшін Кадет корпусына жіберіледі. Бастапқыда кәсіби-психологиялық іріктеуден, нормативті дене даярлығынан, содан кейін медициналық куәландыру, жас жауынгердің курсы және соңғы кәсіби-психологиялық іріктеуден өткен сарбаздар оқу орнына қабылданады. Әр кезеңнен өтуге бір мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, Ш.Уәлиханов атындағы ҚР ҚМ Кадет корпусы – кіші командалық құрамдағы білікті әскери кадрларды даярлайтын оқу орны. Кадеттерді оқыту бағдарламасы екі жылдан тұрады.
Бірінші курста әскери істің негіздерін және мамандық бойынша пәндерді зерделейді. Ал екінші курста – әскери тәжірибе жинақтауға кіріседі.
Оқуды бітіргеннен кейін кадеттіктерге «Әскери басқару» мамандығы бойынша «Әскери басқарудың кіші маманы» (менеджер)» біліктілігімен қоса 3-сыныпты жаяу әскерлер әскери көлігінің механик-жүргізушісі және «В» және «С» санаттары бойынша автокөлік жүргізушісі куәлігі беріледі.
Бүгінгі күнге дейін оқу орны Қазақстанның Қарулы Күштеріне 2 200-ден астам маман даярлап шығарды. Қазіргі таңда түлектер түрлі бөлімдер мен бөлімшелерде Қарулы Күштердің бас сержантынан бастап бөлімше командирлеріне дейінгі лауазымдарда әскери қызметін атқарып келеді.
ФОТО: kazradio.kz