Басты Жаңалықтар Ел тарихында алғаш рет ішкі саясат саласының негізгі бағыттары мен құндылықтары бекітілді

Ел тарихында алғаш рет ішкі саясат саласының негізгі бағыттары мен құндылықтары бекітілді

Ел тарихында алғаш рет ішкі саясат саласының негізгі бағыттары мен құндылықтары бекітілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамының саяси және рухани өмірін жаңа деңгейге көтеретін маңызды  жарлыққа қол қойды. Мұнда елдің болашақ дамуына бағыт беретін алты негізгі қағидат айқындалған. Олар «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан».

Мұндай құжат әзірлеу идеясы алғаш рет ұлттық құрылтайда көтерілген еді. Сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ел ішінде жүргізіліп жатқан идеологиялық саясаттың бірыңғай бағыты болуы керек деген ой айтқан. Президент бастаманы қолдап, жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет енді ішкі саясаттағы әр шешімді осы қағидаттарға сүйеніп қабылдайды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көптеген жағдайда ұйымдастыру жұмыстары азаматтардың тұлғасына байланысты болып кетеді. Епті, қолынан іс келетін, шешен азаматтар отырған жерде бір саясат жүріп жатады. Бірақ мынау соның негізі. Кез келген тіпті осыған дейін ешқашан ішкі саясатта жұмыс істемеген адам келіп, осы құжатты алып, менің жұмысым осының айналасы екен ғой дейтіндей әр саласының өзінің стратегиясы бар.

Бұл – барлығын біріздендіретін, қоғамның тұтастығын күшейтетін негізгі құжат болмақ. Тұжырымдама мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, ақпарат, мәдениет сынды жалпы қоғаммен байланыс саласындағы жұмыстардың бәрін бір арнаға тоғыстырады.

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Билік басында жүрген азаматтарымыз жауапты тұлғаларымыз халықпен бірге қарым-қатынасы қандай болуы керек, халықтың өзі қандай әрекет жасау керек деген сияқты ортақ тұжырымдама ретінде қол қойылған құжат.

Бағдарламада елдің ортақ рухани тұғырын айқындайтын жалпыұлттық құндылықтар тізімі де бекітілген. Бұған дейін бізде қоғамды ұйыстыратын ортақ құндылық жоқ деген сын айтылатын. Сарапшылардың айтуынша, бұл құжат елдің ішкі тұрақтылығын сақтап, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға сеп болмақ.


Бөлісу