Батыс пен шығысты жалғайтын ең қысқа әрі қауіпсіз жол
Иә Қазақстан үшін транзит – жаңа «қара алтынға» баланатын табыс көзіне айналуы тиіс. XXI ғасырда мемлекеттің кірісі тек табиғи ресурстарға ғана емес, географиялық орналасуына, логистикалық мүмкіндігіне де тәуелді екені белгілі. Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан ел үшін көлік дәліздерін тиімді пайдалану, «Достық – Мойынты» сынды жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Себебі бұл экономиканың дамуына және инфрақұрылымның жаңаруына ықпал етеді.
Ернұр Медет, тілші:
Шығыста Қытай, теріскейде Ресей, батыста Еуропа. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін логистика үлкен пайда көзі. 13 халықаралық дәліз еліміздің үстінен өтеді. Оның 5-уі теміржол,8-і автокөлік жолы. Осы бағыттар арқылы былтыр 34 млн тонна транзиттік жүк тасымалданған. Енді «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосу транзиттік әлеуетті еселеп арттыратыны анық. Ал бұл экономикаға үлкен серпін береді,- дейді мамандар.
Қажыгелді Шамбыл, экономист:
Теміржол міндетті түрде тауардың көлемін көбейтпейді. Бірақ бұл болашақта кәсіп ашам деген кәсіпкерлер болса, Қытайдан тауар алам деген, Қазақстанда бір өнім өндіремін деген азаматтар болса, енді ол кәсіпкерлерге мына Қарағанды облысы, Жамбыл облысы , Жетісу, Абай, Алматы облыстарындағы белгілі бір кәсіпорындарға енді бір Қытайға шығатын төте жолдың пайда болуы ол жақсы мүмкіндік.
Сондай-ақ Жоба аясында мыңдаған адам жұмысқа тартылған. Бұл жергілікті бизнесті қолдауға да мүмкіндік беріп отыр. Мәселен ел зауыттарынан 113 мың тоннадан астам рельс пен 1,6 миллион темір-бетон шпал сатып алынды.
Диас Кеңесұлы, «Достық» бекетінің бас инженері:
Оған қоса Достық пен Алаша кіреберісінің ортасында тағы да екінші жолдар құрылыстары жүргізілуде. Достық станциясындағы тексеру паркінің сандары ұлғайып, яғни 4-тен 6-ға дейін кеңейіп, ол деген пойыздарды паралель бір уақытта, бірнеше пойыздарды қарау мүмкіндігін қарастырған. Енді әрине бұл іс-шараның барлығы үлкен жұмыстар. Достық станциясында қазір 700-ден астам жұмыскер істейтін болса, бұдан былай ұлғаяды.
«Достық Мойынты» – Қазақстан, Қытай мен Еуропаны жалғайтын ең қысқа әрі қауіпсіз жол. Шығыстағы алпауыт елден Еуропаға теңіз арқылы жүк 35-40 күнде тасымалданса, теміржол арқылы 12-15 күнде жетеді. Дәл қазір әлемде уақыт ең қымбат ресурс екенін ескерсек, бұл тың бағыт жаһандық сауда нарығында үстемдік етуге жол ашпақ.
Аманбай Төлеуіш, ардагер теміржолшы:
1991 жылы осы жол ашылғанда алғаш Қытаймен тәулігіне бір-ақ пойыз жүретін. Одан кейін 1992 жылы тәулігіне 2-3 пойыздан жүре бастады. Сөйтіп мынау жүк алу-беру қарқыны ҚХР-мен жылына 10-15% өсіп отырды. Содан 2012-2013 жылдары біз жылына 24 млн жүк алмасатын жағдайға жеттік. Бұл – үлкен көрсеткіш. Қазір салынған жаңа екінші жол мынау жүк алмасу жағынан үлкен көп қарқын береді.
Ал теміржол желісінің қуаты артқан сайын Қазақстанның халықаралық саудадағы рөлі де нығая түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
