Главная Новости Маңғыстау облысында бірнеше жаңа оңалту орталығы жұмысын бастады

Маңғыстау облысында бірнеше жаңа оңалту орталығы жұмысын бастады

Маңғыстауда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары ашылуда. Жаңаөзенде жуырда «Айнала» орталығы іске қосылса, Бейнеуде «Қамқорлық» орталығы бір жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда балалар мамандардың көмегімен денсаулығын жақсартуда. Ал ата-аналар енді ем іздеп өзге қалаға сабылмайды.

Жаңаөзен қаласындағы «Айнала» орталығы қазан айында жұмысын бастады. Қазір мұнда 14 бала оңалту курсынан өтуде. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерге психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік қызметкерлер мен тәрбиешілер көмек көрсетеді. Қала тұрғыны Гүлмира Қабылова орталыққа 3 бірдей баласын емге әкеледі.

Гүлмира Қабылова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Менің бір емес, 3 диагнозбен туған балаларым бар. Аутизм дейміз ғой, жүйке жүйесінің бұзылуы. Бұрын біз әр түрлі қалаларға емге шығып кететінбіз, басқа мемлекеттерге емге кететінбіз. Енді қазір біздің қаламыздан ашылғаны ата-аналарға үлкен мүмкіндік болып тұр және ауылда үйден шықпай, жұмыстарына да кедергі келтірмей, мұнда балаларын емге әкеле алады. 

Ал Бейнеу ауданында ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы былтыр іске қосылған. Ауданда 600-ден астам ерекше бала бар. Оның 300-ден астамы оңалту көмегіне мұқтаж. Бұған дейін ата-аналар балаларын Ақтау, Ақтөбе, Алматы қаласына апаруға мәжбүр болған. Қазір қажетті қызметті аудан орталығынан алуда.

Айнұр Қыдыргелдиева, Бейнеу ауылының тұрғыны:

Екі ерекше баланың анасымын. Біреуі аутизммен, біреуі ДЦП-мен кезінде есепке алынды. Қазіргі таңда балам жақсы. Бұрын тек аяғының ұшымен жүретін еді ғой, қазір өзі жүреді әйтеуір. Осындай Бейнеуде қамқорлық орталығы ашылғанына қуанамыз. Себебі бізге 2  баламен қалаға кету өте қиын.

Орталық айына 40-50 баланы қабылдайды. Әрқайсысы 10 күндік оңалту курсынан өтеді. Осы уақытқа дейін 400-ге жуық бала ем алған. Мұнда емдік дене шынықтыру, массаж, логопед, эрготерапевт қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар сенсорлық, тұзды және шунгит бөлмелері бар. Балалардың танымдық қабілетін, моторикасын дамытуға арналған арнайы кабинеттер де жабдықталған.

Асухан Мархабаева, Бейнеу аудандық «Қамқорлық» орталығының жетекшісі:

Ата-анасының сүйемелдеуімен жүреді. Әр кабинеттің өз уақыты бар, мысалы, массаж 20  минут болса, логопед 30 минут деген сияқты. 500 км жерде Бейнеу ауданында орналасқандықтан, облыс орталығынан балаларымыздың көбі реабелитацияға бара алмайтын еді, тасымалдау қиын деп. Біздің Бейнеуден ашылғандықтан, балаларға оңтайлы болып тұр.

Мамандардың айтуынша, оңалту шараларын жүйелі жүргізу баланың дамуына оң әсер етеді. Сондықтан «Қамқорлық» орталығын алдағы уақытта стационарлық емдеу жүйесіне көшіру жоспарланған. Бұл балалардың орталықта жатып ем алуына мүмкіндік береді.

Поделиться