Ресейде қазақ мәдени ұйымдары көбейіп келеді
Ресейде қазақ мәдени ұйымдарының саны артты. Ал Санкт-Петербург қаласындағы қазақ қоғамының құрылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұйым Ресейдегі қазақ диаспорасының басын қосып, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтауға, қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді.
Осы уақыт ішінде қоғам талай игі бастаманың ұйытқысына айналды. Ұлттық мерекелер, мәдени кештер мен әдеби кездесулер ұйымдастырып, қазақ өнері мен дәстүрін жергілікті жұртшылыққа таныстырды. Сонымен қатар қоғам Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да атсалысып келеді.
Бақыт Әбдікәрімов, Қазақ қоғамының өкілі:
Жыл сайын қызықты шаралар өткіземіз. Бәріне қатысып жатырмын. Мейрамдарда өз тілімізде сөйлесеміз. Өз тілімізді ұмытпауымыз керек.
Мерейтойға орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған қазақ диаспорасының өкілдері, қоғам белсенділері, зиялы қауым мүшелері мен құрметті қонақтар қатысты. Шетелде өмір сүріп жатқан қазақтар үшін ана тілін, ұлттық дәстүрді және тарихи тамырды сақтау – маңызды міндет. Әсіресе өскелең ұрпақтың қазақ тілін меңгеріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне ерекше көңіл бөлінеді.
Валерий Важнецкий, Санкт-Петербург тұрғыны:
Біз Отанымыздан алыста жүрсек те, елімізді ұмытпаймыз. Үнемі бас қосамыз. Мен Санкт-Петербургте қазақ мәдениетін насихаттап, дәстүрімізді таныстырып жүремін.
Санкт-Петербургтегі қазақ қоғамының жиырма жылдық тарихы – шетелдегі отандастарды біріктіріп, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ұйым өкілдері алдағы уақытта да мәдени байланыстарды кеңейтіп, жас ұрпақтың ұлттық тәрбие алуына жағдай жасауды көздейді.
Читайте также
Все