Бүгін қазақ күресінің қара нары Әбілсейіт Айхановтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін қазақ күресінің қара нары Әбілсейіт Айхановтың туған күні

15.06.2015
Бүгін қазақ күресінің қара нары Әбілсейіт Айхановтың туған күні

Боз кілемдегі алғашқы белдесуін 19 жасында өткізген Әбілсейіт Айханов 21 жасында спорт шебері атанды.

КСРО чемпионатына 12 рет қатысып, 97 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. 60-шы жылдары боз кілемде қатар күрескен Төлен Әбдік сол кезді былайша еске алды: «Әбілсейіт – үлкен палуан. Бағы жанса, әлемнің де чемпионы болар еді. Бірақ, оның соры – сол кезде ең ұлы палуандармен қатар келіп қалды. Оның салмағында Медведь деген болды. Ол – мықты еді. Одан кейін Иваницкий деген болды. Бұлар тұрған кезде орыстар ешқашан да Айхановты бірінші жібермейтін еді».

Қарсылас шақ келтірмеген палуан 30 жасында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осылайша, қазақ даласында Қажымұқаннан кейінгі аты аңызға айналған палуан.

«Әбілсейіт Айхановтың бір қасиеті – ол тек палуан ғана емес, сонымен қатар, ғажап математик. 9-10 сыныптарда оқығанда кітаптағы барлық есепті жатқа білген», - дейді спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.

«Мен 8 жылдық карьерамда жауырыным жер иіскеген емес. 1961 жылы Бакуде Иваницкийді жеңдім. Ешкімнен жеңілген жоқпын, бірақ одақта чемпион да болмадым. Төрешілер ұпай береді де, сен ешқайда бармайсың дейді. Одан кейін не істей аласың? Мен үнемі ешкімнен жеңілмесем де, төртінші орын алып жүрдім», дейді 77 жастағы Әбілсейіт ақсақал.

Хабарламаларға жазылу