Астанада Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Құлмамбеттің құлыны» атты кеш өтті (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Құлмамбеттің құлыны» атты кеш өтті (ФОТО)

07.06.2015
Астанада Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Құлмамбеттің құлыны» атты  кеш өтті (ФОТО)

Бүгін Астанадағы «Конгресс Холл» сарайында айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың руһына арналған «Құлмамбеттің құлыны» атты  еске алу кеші өтті.

Кешті Оразалы Досбосыновтың балалары Нұрсұлтан мен Нұрайша «Әкеге сағыныш» атты композициямен ашты.

Сондай-ақ, еске алу кешіне Құрмаш Махан, Ардақ Балажанова және «Бәйтерек», «Аламан» топтары қатысып, әннен шашу шашты.  

Ал, Айнұр Тұрсынбаева мен жас ақын Сырым Әуесханның арасындағы айтыс көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кеш жүргізушілері ақын Дәулекерей Кәпұлы мен шәкірті Болатбек Оразбаев Оразалының айтыс сахнасындағы жырлары мен көшілік арасында әзіл ретінде таралып кеткен әңгімелерін жиналған жұртшылық жадына қайта салды.

Болатбек Оразбаевтың ұстазы Оразалыға арнаған жыры:

Тәңіртауда туылған,

Тау суымен жуынған.

Тұлпарын жырдың тулатып,

Апшысын жердің қуырған

Қырғызбенен айтысса,

Қың көмейден халқы үшін

Қылыш тілін суырған

Шырылдап өткен шындық деп

Шыққанша мәңгі шыбын жан.

Оразың қайда ағайын?!

 

Төгілтіп жырын төкпелеп,

Тілінен тамған отты өлең.

Халық деген қарттың алдынан,

Қия кесіп өтпеген.

Алаңында айтыстың,

Жүзінен күлкі кетпеген.

Отызға жасы жетпеген,

Оразың қайда ағайын?!

 

Биік-биік таулардың,

Басы тұрар мұнартып.

Тау тұлғалы жастардың,

Тағдыры өткен тұман боп.

Базарында өмірдің

Қалықтау аз да, құлау көп.

Бұлжымайтын бұл заңдылық

Құдайдың сөзі секілді,

Қағазға түскен Құран боп,

Ораздайын оғланын

Тұлпардайын тұмар деп

Ажалдың оқ құрығы

Оған да тұсті бұғау боп. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу